WhatsApp-тағы сөз сотқа жетті: Шымкентте көршілер чатындағы дау 150 мың теңгемен аяқталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Онлайн қорлау үшін жауапкершілік бар

Фото: istockphoto.com

Шымкент қаласының тұрғыны көршілердің ортақ WhatsApp чатында өзінің және отбасының ар-намысына тиетін сөздер жазылғанын айтып, сотқа жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралған іс материалдарына сәйкес, тұрғын чаттағы жазбалар арқылы өзіне қатысты қорлау мен тіл тигізу болғанын алға тартқан. Сот дерегінше, жауапкерлер ортақ чатта талап қоюшы мен оның отбасы туралы былапыт сөздер қолданған.

Іс қарау барысында тараптар медиация тәртібімен келісімге келді. Талап қоюшы арызынан бас тартқанымен, жауапкерлер өз әрекеттерін мойындап, келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттелді. Келісімге сай, олар талап қоюшыға 150 000 теңгеден мамыр айының соңына дейін төлеуі тиіс.

Сот аталған келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты. Сонымен қатар талап қоюшы төлеген мемлекеттік баж салығы қайтарылған.