Тоқаев NVIDIA-мен келіссөз жүргізді: Қазақстан ЖИ дәуіріне бет бұрды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Екібастұзда деректер орталықтарының алқабы құрылуы мүмкін

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA және Firebird AI компанияларының өкілдерімен кездесіп, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Николо Мартин Капрез, сондай-ақ Размиг Берг Овакимян және Александр Есаянмен жүздесіп, ЖИ инфрақұрылымын жобалау, салу және пайдалану бағытындағы ықтимал серіктестікті саралады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан алдағы үш жылда толық цифрлық елге айналуды көздеп отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, NVIDIA технологиясы негізінде суперкомпьютер кластерлерін іске қосу аталған мақсатқа жету және елдің технологиялық дербестігін нығайту ісіндегі маңызды қадам болды",–деп жазды Ақорда.

Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға бағытталған стратегиялық жоба қолға алынғанын атап өтті. Бұл бастама аясында инвесторларға қолжетімді электр энергиясы, дамыған телекоммуникациялық инфрақұрылым және салықтық жеңілдіктер ұсынылмақ.

Кездесу барысында компания өкілдері Арменияда осыған ұқсас жобаны жүзеге асырып жатқанын жеткізді.

"Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен компания өкілдері ЖИ-экожүйесін дамыту бағытындағы бірлескен бастаманы іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге келісті",–деп жазды Ақорда.