«AMANAT» пен бизнес ортақ жауапкершілікке бет бұрды
Астанада «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлер қанаты энергетика саласының өкілдерімен кеңейтілген кездесу өткізіп, тарифтік саясаттан бастап кадр тапшылығына дейінгі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың жетекшілері қатысты. Өңірлік филиалдар онлайн қосылып, ел бойынша 100 мыңға жуық адам еңбек ететін саланың ахуалы жан-жақты сараланды.
Соңғы жылдары салада бірқатар институционал өзгеріс жасалды. Алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданып, энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жобалар іске қосылды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» тетігі енгізіліп, желілердің техникалық жағдайын бақылау күшейді. Нәтижесінде апаттар саны азайып, тәуекел аймағындағы жылу электр орталықтарының үлесі қысқарған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, бүгінде ел энергожүйесінде 245 қуат көзі жұмыс істейді, оның 166-сы – жаңартылатын энергия нысандары. 2035 жылға дейін қуат көлемін 26 ГВт-тан асыру жоспарланып отыр. Бұл алдағы уақытта электр энергиясына сұранысты толық жабуға және тұрақты профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.