Мектептен тыс кезде олар балаларға жауап бермейді
Мәжілісте педагогтердің мәртебесін арттыру және білім беру саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл құжатты бірінші оқылымда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов таныстырды. Заң жобасы үш негізгі бағыттан тұрады. Соның бірі – мұғалімдердің құқықтарын қорғау және олардың жауапкершілік шегін нақтылау.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін ұстаздар мен мектеп директорлары оқушылардың мектептен тыс уақыттағы әрекеттері үшін де жауапқа тартылып келген. Мысалы, каникул кезінде, кешкі уақытта немесе демалыс күндері болған оқиғаларда мұғалімдер оқушылармен бірге болмағанына қарамастан, жазаланған жағдайлар кездескен.
Осыған байланысты заңға нақты норма енгізу ұсынылып отыр.
«Педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болуы керек. Жазғы демалыс, түнгі уақыт және демалыс күндері – ата-ананың жауапкершілігі», – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұл өзгерістер мұғалімдерді артық жүктемеден қорғап, олардың кәсіби міндеттеріне шоғырлануына мүмкіндік береді.