Қызылордада әйел адамды 9 ай бойы аңдып, тыныштық бермеген ер адам сотталып тынды
Қызылорда облысында сталкинг деректері бойынша сот үкімі шықты
Қызылорда қаласында ер адам әйел адамды тоғыз ай бойы мазасын алып, жүйелі түрде аңдыған. Ол әйел адамның қарым-қатынас орнатуға ниеті жоқ екенін біле тұра, заңсыз әрекетін тоқтатпаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйел адам бірнеше мәрте өзін мазаламауын және байланыс орнатқысы келмейтінін айтқанына қарамастан, талаптарын елемеген. Тіпті, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы үздіксіз хабарламалар жолдап, жұмыс орны мен тұрғылықты мекен-жайына барып, жүйелі түрде аңдып, байланыс орнату мақсатында психологиялық қысым көрсеткен.
Жәбірленушінің арызы негізінде құқық қорғау органдары тиісті шаралар қабылдап, сот үкімімен Қызылорда қаласының тұрғыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалды.
Бұдан бөлек облыс аумағында сталкинг жасаған тағы 2 азамат сотпен кінәлі деп танылып, әрқайсысына осы тектес жаза тағайындалды.
«2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске 115-1-бап енгізіліп, сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді. Аталған бапқа сәйкес адамды жүйелі түрде қудалау, мазасыз қоңыраулар шалу, аңду және азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын бұзатын өзге де әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Осы құқық бұзушылық үшін заңнамада екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе елу тәулікке дейін қамау түріндегі жаза көзделген», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Қызылорда облысының прокуратурасы азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, өзге тұлғалардың жеке өміріне және жеке кеңістігіне құрметпен қарауға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.