2 млн теңге тонаған үш күдікті ұсталды
Ақтөбеде бір топ адам түнгі уақытта екі қабатты тұрғын үйге басып кіріп, үй иесінің бірнеше млн теңгесін алып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақша тонады деген күдікпен бірнеше азаматты ұстады.
Белгілі болғандай, 20 сәуір күні түнгі уақытта үш күдікті Ақтөбе қаласында екі қабатты тұрғын үйге басып кіріп, пәтер иелерін қорқыту арқылы 2 млн теңге көлеміндегі ақшаны ашық түрде иемденген. Үй иесінің айтуынша, аталған қаражат автокөлікті сатудан түскен.
«Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері куәгерлерді анықтап, осы аумақта орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеді. Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталып, үшеуі де ұсталды. Ұрланған қаражатты күдіктілер өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.