Трояндық файл: алаяқтар қазақстандық компаниялардың бухгалтерлерін қалай алдайды

Автор: Azattyq Rýhy
Фото: скрин видео

Қазнетте кең таралған алаяқтық схема туралы айтылуда. Ол компания бухгалтерлеріне бағытталған. Бұл материалда оны қалай тануға және өзіңізді қалай қорғауға болатынын түсіндіреміз.

Бұл неден басталады?

Алаяқтар қауіпсіз болып көрінетін файлдар жасайды. Бұл Excel кестелері немесе бухгалтерлік бағдарламаларға орнатуға арналған «қажетті» файлдар болуы мүмкін. Мұндай файлдардың ішінде вирустар немесе зиянды бағдарламалар жасырын болады. Сол арқылы алаяқтар жәбірленушінің компьютеріне қол жеткізеді.

Алаяқтар нақты бухгалтерлердің байланыс нөмірлерін қайдан біледі?

Қылмыскерлерге нақты бір адамның байланысы қажет емес. Олар ашық дереккөздерден тапқан кез келген қызметкерге файл жібере алады. Мысалы, менеджерге.

Көбіне мұндай файл шот-фактура, төлемге арналған шот немесе басқа құжат түрінде болады. Сонымен қатар, алаяқтар «бухгалтердің нөмірін жоғалтып алдық» деп жазып, хабарламаны соған жеткізуді сұрайды.

Тағы қандай файлдарды жіберуі мүмкін?

Өкінішке қарай, кез келген дерлік файл болуы мүмкін. Алаяқтар зиянды бағдарламаларды:

  • төлем құжаттары
  • жалақы мен бонустар туралы кестелер
  • бұрын қолданылып жүрген бағдарламалардың «жаңартуы» ретінде көрсетілетін орнату файлдары және басқа да көптеген форматтар түрінде жасыра алады.

Сондықтан кез келген күмәнді файлдарға аса сақ болу қажет. (https://www.instagram.com/reel/DSFBVL8jPAI/

Бұл қалай жұмыс істейді?

Мұндай схеманың екі негізгі тәсілі бар.

Бірінші: жүктелген файл жәбірленушінің компьютерінде зиянды бағдарламаны іске қосады. Ол алаяқтарға барлық ақпаратқа, соның ішінде бухгалтерлік бағдарламалардағы логиндер мен құпиясөздерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Екінші: зиянды бағдарлама бухгалтер төлем жүргізіп жатқан сәтте компьютер «қатып қалғандай» көрініс жасайды. Сол уақытта алаяқтар ақша алушының деректерін өзгертіп үлгереді. Көп жағдайда бұл алаяқтық байқалмай қалады.

Мұны тексеруге болмай ма?

Әрине, тексеруге болады. Бірақ алаяқтар да мұны жақсы түсінеді және жәбірленушінің қырағылығын әлсіретуге тырысады.

Олар көбіне файлдарды жұмыс күнінің соңында, демалыс күндері, мереке алдындағы уақытта жібереді. Мұндай кезде файлды мұқият тексеру ықтималдығы төмен болады.

Тағы бір әдіс асықтыру. Алаяқтар төлемді «дәл қазір» жасау керек деп жазады және асығуға түрлі себептер ойлап табады.

Ақшаны қайтарып алуға бола ма?

Теория жүзінде - иә, бірақ іс жүзінде бұл өте қиын. Заң бойынша банк алушының келісімінсіз төлемді кері қайтара алмайды. Егер алушы ақшаны өз еркімен қайтаруға дайын болмаса, сотқа жүгінуге тура келеді.

Ол үшін алдымен алушының жеке басын анықтау қажет. Бұл оңай емес: алаяқтар ізін жасыру үшін біркүндік компанияларды және көптеген делдалдарды пайдаланады.

Қалай алданбауға болады?

  • Бейресми дереккөздерден ешқандай файл жүктемеңіз
  • Антивирус орнатып, оны уақытында жаңартып отырыңыз — ол зиянды бағдарламаларды бірден анықтауға көмектеседі
  • Төлем жасар алдында алушының деректемелерін міндетті түрде қайта тексеріңіз

 «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында бейнеролик жарық көрді. Онда алаяқтардың дәл осындай схемалары қалай әрекет ететіні көрсетілген.

Еске сала кетейік, Kaspi.kz Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың ең кең таралған схемалары туралы арнайы бейнероликтер сериясын түсірді. Бұл роликтер адамдарға алаяқтардың құрбанына айналмаудың жолдарын түсіндіруге бағытталған.

Бейнероликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасынан көруге болады.

Тегтер: