Түркістан облысында шибөрі екі бала мен бір ер адамды талап тастады

Автор: Алмас Ерсін

Індеттің таралуына жол бермеу үшін шибөрі табылған аумақ пен зардап шеккендердің аулалары залалсыздандырылды

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысында шибөрі адамдарға шабуыл жасады. Жыртқыш ауылға кіріп кетіп, екі баланы және оны ұстаған ер адамды талап үлгерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жануар төрт жастағы қыз баланың екі аяғы мен саусақтарын тістеп алған. Кейін шибөрі 15 жастағы жасөспірімге тап берген. Оған көмекке бір ер адам ұмтылып, жыртқышты балтамен ұрып, тұншықтырмақ болған. Алайда сол сәтте 42 жастағы ауыл тұрғынын да шибөрі тістеп үлгерген.

Аудандық ауруханада зардап шеккендердің барлығына құтыруға қарсы екпе салынды. Қазір олардың жағдайы тұрақты. Тек ауыр жарақат алған қыз бала дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Жергілікті ветеринарлар шибөріден сынама алып, зертханаға жолдады. Алдын ала болжам бойынша, жануарда құтыру белгілері болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, табиғатта шибөрілер әдетте адамға өздігінен шабуыл жасамайды.

«Жабайы табиғатта шибөрілер адамдарға сирек шабуылдайды. Бұған үш себеп болуы мүмкін: біріншісі – құтыру ауруы, екіншісі – төлін қорғау, үшіншісі – саны көбейіп, қорек азайған кезде», – деді Қарағанды облысы табиғи ресурстар басқармасының жедел тобының жетекшісі Нұрлан Байжұманов.

Кейін Түркістан облысы әкімдігі инфекцияның таралуына жол бермеу үшін шибөрі табылған аумақ пен зардап шеккендердің аулалары 10 пайыздық каустикалық сода ерітіндісімен залалсыздандырылғанын хабарлады. Жалпы өңделген аумақ 630 шаршы метрді құрады.