Үсік пен тұман: Бірқатар өңірде дауылды ескерту жарияланды

Автор: Алмас Ерсін

Бірқатар өңірде үсік сақталады

Фото: istockphoto.com

Синоптиктер 29 сәуірге Астана, Алматы қалалары мен Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жариялады. Үсік, жаңбыр мен найзағай, бұршақ, тұман күтіледі, жел күшейеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Астанада түнде топырақ бетінде 1 градус үсік болады.

Ақмола облысында таңертең және күндіз батысында, солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде шығысында 1 градус үсік күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысында батысында, солтүстігінде аздаған жаңбыр, найзағай болады. Түнде және таңертең оңтүстігінде тұман түседі. Жел оңтүстік, оңтүстік-батыстан соғады, күндіз батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15–20 м/с жетеді. Батысында өрт қаупі жоғары.

Қостанай облысында түнде және таңертең батысында, солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Қостанай қаласында да түнде және таңертең жаңбыр, найзағай күтіледі.

Павлодар облысында түнде шығысында 1 градус үсік болады. Солтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Қарағанды облысында жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, оңтүстігінде екпіні 15 м/с дейін жетеді. Түнде шығысында 1 градус үсік күтіледі.

Шығыс Қазақстан облысында жел солтүстік, солтүстік-шығыстан соғады, батысында, шығысында, оңтүстігінде екпіні 15–20 м/с болады. Түнде солтүстігінде және шығысында 3 градус үсік түседі.

Абай облысында жел солтүстік-шығыстан, шығыстан соғады, түнде солтүстігінде, оңтүстік-батысында, орталығында, күндіз оңтүстік-батысында екпіні 15–20 м/с жетеді. Түнде батысында және орталығында 2 градус үсік болады. Орталығында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Алматы қаласы мен Алматы облысында қар жамылғысының тұрақсыздығына және күтілетін мол жауын-шашынға байланысты Үлкен және Кіші Алматы өзендері алабында (2800 метрден жоғары биіктікте) қар көшкіні жүру қаупі сақталады. Қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды, себебі бұл көшкіннің жүруіне себеп болуы мүмкін.

Жетісу облысында жел солтүстік-шығыстан соғады, шығысында екпіні 15–20, кей кездері 25 м/с дейін жетеді. Шығысында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында таулы аудандарда күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең таулы жерлерде тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан соғады, оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарда екпіні 15–20 м/с болады.

Түркістан облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр, найзағай, дауыл күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан, таулы аудандарда екпіні 15–20 м/с болады.

Қызылорда облысының шығысында өрт қаупі жоғары.

Ақтөбе облысында түнде және таңертең батысында, орталығында тұман түседі. Батысында және солтүстігінде 2 градус үсік болады. Оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.

Атырау облысының оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары.

Маңғыстау облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады, оңтүстігінде және шығысында бұршақ түсуі мүмкін. Түнде және таңертең солтүстік-шығысында тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғады, оңтүстігінде және орталығында екпіні 15–18 м/с жетеді. Ақтау қаласында күндіз жаңбыр, найзағай болады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз солтүстік-батысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, күндіз батысында және солтүстігінде екпіні 15–20 м/с жетеді. Түнде солтүстігінде және шығысында 3 градус үсік күтіледі. Орал қаласында күндіз аздаған жаңбыр, найзағай болады. Түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, күндіз екпіні 15–20 м/с жетеді.