Негізгі ҰБТ: Қазақстанда 240 мыңға жуық талапкер тест тапсырады

Биыл ҰБТ-ға 446 мыңнан астам өтініш берілді

Негізгі ҰБТ: Қазақстанда 240 мыңға жуық талапкер тест тапсырады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстанда биылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау аяқталды. Тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген (2025 жылы – 216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мың өтініш). Оның ішінде тапсырушылардың 73%-ы қазақ тілінде, 27%-ға жуығы орыс тілінде, 521 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді.

Тестіленушілердің басым бөлігі, атап айтқанда, 17,9%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын, 14,5%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын, 12,4%-ы «Шығармашылық емтихан» комбинациясын таңдаған.

«2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек», – делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа ЖОО-ға 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. Жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша өздерінің шекті балдарын белгілей алатынын айта кеткен жөн.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері (сондай-ақ грант иегері атанған жағдайда білім беру грант куәлігі) жойылады.