Пышақпен қорқытып, тауға алып кеткен: Алматы облысында бопсалаушылар ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Бопсалаушылар одан 10 млн теңге талап еткен

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында бопсалап, қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен бір топ адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алдын ала деректер бойынша, 16-17 сәуірге қараған түні Талғар ауданында күдіктілер алдын ала жоспарланған схема бойынша 28 жастағы ер адамды адамдар аз жүретін жерге алдап шақырған. Кейін олар пышақпен қорқытып, күш қолдану арқылы жәбірленушіге дене жарақатын келтіріп, оны таулы аймаққа күштеп алып кеткен», – деді Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев.

Қаскөйлер жәбірленушіні құқық қорғау органдарына оның тарапынан заңсыз әрекеттер жасалды деген жалған ақпарат таратамыз деп қорқытып, 10 миллион теңге талап еткен. Сондай-ақ құны шамамен 17 миллион теңге болатын автокөлігін кепіл ретінде алып қойған.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, сондай-ақ ұсталғандардың өзге де осы тектес қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр», – деп толықтырды облыстық ПД бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеев.