Алматыда подъезде қыз балаларға шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Ол лифтінің батырмасын ұрып-теуіп, артынша екі қызға шабуыл жасады

Алматыда подъезде қыз балаларға шабуыл жасаған ер адам ұсталды
Фото: Видеодан скрин

Алматыда подъезде қыз балаларды ұрып, шабуыл жасаған ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласының Полиция департаменті аталған іс бойынша Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім жедел шаралар қабылдағанын мәлім етті.

«Қоғамдық орында агрессивті мінез көрсетіп, қызға дене жарақатын салған 26 жастағы ер адам анықталып, ұсталды. Дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің әрекетіне Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы аясында жан-жақты құқықтық баға беріледі», – дейді агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Сонымен қатар ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Полиция кез келген зорлық-зомбылық көріністері, әсіресе әйелдерге қатысты әрекеттер жол берілмейтінін және мұндай құқықбұзушылықтардың қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті. Осындай іс-әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығы толық көлемде қамтамасыз етіледі. Алматы полициясы азаматтарды бейжай қарамауға және құқықбұзушылық фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады», – дейді Полиция департаменті.

Айта кетейік, осыған дейін Алматыдағы Ақкент шағын ауданында ер адамның подъезде тұрған екі қыз балаған шабуыл жасағаны хабарланған.