«TURGYNDAR AMANATY» жобасы нақты өзгерістерге бағыт алды
Орал қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында көппәтерлі үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналған өңірлік форум өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында тұрғын үй қорын басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ашықтықты күшейту және тұрғындармен кері байланысты жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ МИБ пен ПИК жұмысының тиімділігін арттыру бағытындағы нақты ұсыныстар қаралды.
Мәди Оспановтың мәліметінше, партия тұрғындардың нақты сұранысына сүйенген жүйелі жұмысқа басымдық беріп отыр. Оның айтуынша, азаматтар тек өтініш айтып қана қоймай, нақты ұсыныстарын да жеткізе бастаған, бұл өз кезегінде партия алаңының шешім ұсынатын тиімді тетікке айналғанын көрсетеді. Сондай-ақ ол өңірде 2 498 көпқабатты үйдің 1,5 мыңы кондоминиум ретінде заңдастырылғанын атап өтіп, басты міндет – қауіпсіз әрі жайлы тұрғын үй ортасын қалыптастыру екенін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пікірінше, тұрғын үйді басқару жүйесін реформалау біржақты шешімдермен шектелмеуі тиіс. Оның айтуынша, бұл сала адамдар арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты болғандықтан, кәсіби кадрлар, икемді тәсіл және тиімді реттеу тетіктері қажет.
Ал Орал қаласы ПИК қауымдастығының төрағасы Нұрлан Чабдаров саладағы негізгі мәселенің бірі – тұрғындардың белсенділігінің төмендігі екенін айтты. Оның сөзінше, шешім қабылдау үшін тұрғындардың басым бөлігі қатысуы қажет болғанымен, іс жүзінде көпшілік жиындарға келмейді. Сонымен қатар кадр тапшылығы да өзекті: салада көбіне зейнет жасындағы мамандар еңбек етуде. Бұл мәселені шешу үшін қызметтік тұрғын үй беру тетігін қарастыру ұсынылған.
Жалпы, «TURGYNDAR AMANATY» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін ашық әрі тиімді етуге, сондай-ақ тұрғындардың күнделікті өмірінде нақты өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған.