«TURGYNDAR AMANATY»: Атырауда тұрғын үй саласын жаңғыртудың нақты қадамдары айқындалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

«AMANAT» жобасы МИБ пен ПИК жұмысын жаңғыртуға бағытталды

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Атырау қаласында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдер ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атыраудағы Салтанат сарайында өткен форум-семинарға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, қала әкімі Шәкір Кейкін, сондай-ақ салалық сарапшылар мен МИБ және ПИК өкілдері қатысты.

Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы түйткілдер жүйелі түрде қаралып, оларды шешудің нақты тетіктері ұсынылды. «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың мәліметінше, жоба көпқабатты үйлерді басқару сапасын арттырып, тұрғындардың өз үйіне қатысты шешім қабылдауға қатысуын күшейтуге бағытталған. Бұл бастама тек мәселелерді көтерумен шектелмей, оларды шешудің нақты механизмдерін енгізуді көздейді.

Оның ақпарынша, жыл басынан бері осындай форумдар елдің 8 өңірінде өтіп, оң нәтиже берген. Осы тәжірибе енді Атырау облысында жалғасып отыр. Жоба аясында МИБ пен ПИК төрағаларына арналған оқыту семинарлары өткізіліп, депутаттармен кері байланыс күшейтіледі. Сонымен қатар абаттандыру және жөндеу жұмыстары әкімдікпен бірлесіп жоспарланып, «Халық қатысатын бюджет» тетігі енгізіледі. Бұдан бөлек, «Үздік аула» және «Үздік МИБ, ПИК төрағасы» байқаулары ұйымдастырылып, белсенді тұрғындар арасынан кадрлық резерв қалыптастыру көзделген.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, өңірде тұрғын үйді басқарудың тиімді моделін қалыптастыру, басқарушы ұйымдардың жұмысын жетілдіру және тұрғындармен байланыс орнату негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Бұл жұмыстар инфрақұрылымды жаңғырту, аулаларды абаттандыру және халықтың белсенділігін арттырумен қатар жүргізіледі.

Форум барысында өңірдегі құрылыс пен тұрғын үй саласындағы нәтижелер де айтылды. Соңғы жылдары 100-ден астам нысан іске қосылып, жүздеген отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ жаңғырту бағдарламасы аясында 70-тен астам көпқабатты үй күрделі жөндеуден өткен.

Сонымен қатар жиында саладағы жүйелік мәселелер де ашық көтерілді. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың мәліметінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта ашықтықтың жеткіліксіздігі, жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі және тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы түсініспеушілік әлі де өзекті. Осыған байланысты заңнамалық өзгерістер арқылы шешім қабылдау құқығын тұрғындардың өзіне беру көзделіп отыр.

«Бұл реформадағы негізгі жаңашылдық – шешім қабылдау құқығын тұрғындардың өзіне беру. Яғни, енді әр үйдің тұрғындары басқару тәсілін өздері таңдап, тарифтерді бекітіп, қаржының қалай жұмсалып жатқанына бақылау орната алады. Қажет болған жағдайда басқарушы ұйымды ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар қаржылық ашықтық қамтамасыз етіліп, барлық ақпарат тұрғындар үшін қолжетімді болады»,- деді депутат. 

Оның дерегінше, ел бойынша коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 1,7 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Алайда жобаларды іске асыру қарқыны, желілердің тозуы және деректердің нақтылығы мәселелері әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Форум қорытындысында тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту, басқару тиімділігін арттыру және тұрғындармен байланысты күшейту бағытында нақты ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар «AMANAT» партиясының өңірлік филиалына жоба аясында фронт-офис ашу тапсырылды.

Жиын соңында бірқатар белсенді азаматтар марапатталып, партия қатарына қабылдау рәсімі өтті. Жалпы форум тұрғын үй саласындағы өзгерістердің жаңа кезеңге өткенін көрсетті. Енді бұл бағыттағы шешімдер тек жоғарыдан қабылданбай, тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асатын жүйеге көшу басты міндетке айналып отыр.