Синоптиктер 28-30 сәуірге арналған болжамды жариялады
Қазақстанда 28-30 сәуір аралығында ауа райы құбылмалы сипат алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал түнгі уақытта тұман түсіп, кей өңірлерде үсік жүруі мүмкін.
Алдағы күндері әсіресе оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын аралас сипатта болады. Түнде жаңбыр соңы қарға ұласуы ықтимал. Кей жерлерде бұршақ жауып, желдің күшеюі де күтіледі. Түнгі және таңғы мезгілде тұман жиі байқалады.
Солтүстік пен орталық облыстарда жауын-шашынсыз, ашық ауа райы басым болады. 28-29 сәуір күндері оңтүстік өңірлерде, ал 29-30 сәуірде шығыста күн райы тұрақтанып, ашық болады деген болжам бар. Сонымен қатар, республиканың оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл соғуы ықтимал.
Синоптиктердің дерегінше, 28-29 сәуірде батыс, солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнгі уақытта ауа температурасы -3°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді.
Күндіз ел аумағында ауа райы біртіндеп жылынып, өңірлерге қарай әртүрлі болады. Батыста күн +15…+20°С шамасында болса, солтүстік-батыста +17…+25°С-қа дейін жетеді. Солтүстік өңірлерде ауа +21…+26°С аралығында жылынады. Орталықта күн біршама ыстық болып, +21…+30°С-қа дейін көтеріледі.
Шығыста +19…+27°С шамасында жылы болса, оңтүстікте күн қаттырақ қызады – +25…+34°С. Ал оңтүстік-шығыста ауа температурасы +22…+27°С көлемінде болады.