Елордалық зейнеткерлер кітап апталығын ұйымдастырды

Апталық барысында кітап алмасу дәстүрі дамымақ

Елордалық зейнеткерлер кітап апталығын ұйымдастырды
Фото: gov.kz

Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Кітап апталығының ашылуына арналған мазмұнды іс-шара өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Кездесу барысында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі маңызы жөнінде ой бөлісіп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларынан үзінділер оқыды.

Кітап апталығы аясында викториналық ойындар ұйымдастырылып, кітапсүйер қауымның қызығушылығын арттырды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар аудиокітаптардың ерекшеліктеріне тоқталып, олардың заманауи әрі қолжетімді оқу форматы екенін атап өтті. Зейнеткерлер аудиокітаптардың уақытты үнемдеуге және кез келген жерде тыңдауға мүмкіндік беретін артықшылықтарымен танысты.

Апталық барысында кітап алмасу дәстүрін дамытуға бағытталған бастамалар ұсынылды. Бұл оқырмандар арасында өзара байланысты нығайтып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.

Іс-шарада Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді қатысушысы, елордалық зейнеткер, тіл жанашыры Сансызбай Мұқанов «Ерекше сөздік» атты еңбегін орталық қорына тарту етіп, игі бастамаға қолдау білдірді.

 «Кітап – біздің асыл қазынамыз. Осы кітап мерекесіне орай маңызды іс-шараны ұйымдастыруға «Ұлағат» поэзия клубы ұйытқы болды. Көрмені зейнеткерлер өз қолдарымен әзірледі. Мұнда көркем әдебиетпен қатар тарихи және өзге де жанрдағы кітаптар қойылған. Кітап апталығы апта соңына дейін жалғасады», – деді орталықтың жетекші маманы Бақыт Қайырбекқызы.