Жанабыловтар ісі: прокурор Төлегеноваға 2 жыл жаза сұрап отыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Сот шешімді бүгін шығармақ

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сот отырысы жалғасуда. Мемлекеттік айыптаушы келтірілген залалдың толық өтелгенін ескеріп, айыпталушыларға жаза тағайындауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Прокурордың мәліметінше, Эльмира Төлегеноваға Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу, ал 218-бабы бойынша 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралған.

ҚК 58-бабына сәйкес, жиынтық жаза ретінде 2 жыл бас бостандығынан айыру ұсынылып, оны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу қарастырылған.

Сонымен қатар прокурор ҚК 74-бабын қолданып, жазаны 2 жылға кейінге қалдыруды сұрады. Бұл жағдайда сотталушы пробация қызметінің бақылауында болып, белгіленген талаптарды орындауға міндеттеледі.

Егер талаптар бұзылса, кейінге қалдырылған жаза күшіне енуі мүмкін.

Бұдан бөлек, айыптаушы мүлікті тәркілеуді де ұсынды. iPhone 16 телефондары мен Hyundai Elantra автокөлігі мемлекет кірісіне өтуі мүмкін.

Ал Lamborghini Urus пен Lexus RX 600 көліктеріне салынған тыйымды алып тастап, иелеріне қайтару ұсынылды.

Сот үкімі әлі шыққан жоқ. Сот шешімді 16:30-да шығарады.