Тірі адамды «жерлеп қойған» жүйе: Қостанайда 9 күн бойы «өлі» жүрген азамат сотқа жүгінбек

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қостанай тұрғыны медициналық қателік кесірінен құжатсыз қалып, мемлекеттік жүйеден «өшіп қалған»

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысында тірі адамды ресми базада «қайтыс болды» деп тіркеп қойған өрескел жағдай анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Tobolinfo басылымының ақпарынша, Қостанай қаласының тұрғыны Владимир Шремф 9 күн бойы мемлекеттік деректер қорында «қайтыс болған» адам ретінде есепте тұрған. Ол тек АХАТ органдарына шағым түсіргеннен кейін ғана өзінің тірі екенін дәлелдеп, құқықтық мәртебесін қайта қалпына келтіре алған.

Оқиғаның түйіні Аулиекөл аудандық ауруханасының емханасында басталған. Марқұм болған анасының өлімі туралы анықтаманы рәсімдеу кезінде медицина қызметкері деректерді қате енгізіп, қайтыс болған адам ретінде ұлының мәліметтерін тіркеп жіберген. Осылайша, жүйелік қателік салдарынан тірі адам «ресми түрде жоқ» тұлғаға айналған.

Бұл туралы оның адвокаты Дильмұрат Сәрсенов мәлімдеген. Оның айтуынша, қазір зардап шеккен азамат медициналық мекемеге моральдық зиян үшін өтемақы өндіру мақсатында сотқа талап қоюды көздеп отыр.

Өзінің «қайтыс болғанын» Владимир Шремф кездейсоқ білген. Оның жеке сәйкестендіру нөмірі мен электрондық цифрлық қолтаңбасы істен шығып, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкін болмай қалған. Құжаттарының жарамсыздығына байланысты ол жұмыс істеу, көлік жүргізу және бірқатар мемлекеттік сервистерді пайдалану құқығынан уақытша айырылған.

Осы оқиға бюрократиялық жүйедегі бір ғана қателіктің азаматтың бүкіл өміріне қалай әсер ететінін айқын көрсетті. Енді іс сотта қаралып, жауапты тараптың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс.