Ақмола облысында бұрынғы сыныптасын пышақтаған күдікті қамауға алынды

Автор: Дәулет Ботагөз

Кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысында волейбол ойнап жатқан 11-сынып оқушысына пышақ сұққан күдікті ұсталды. Қанды оқиға Макинск қаласындағы стадиондардың бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай болды?

Жергілікті басылымдардың мәліметінше, жасөспірімдер стадионда волейбол ойнап жатқан кезде алаңға бетперде киген белгісіз біреу келген. Ол жоспарлы түрде 11-сынып оқушысының бетіне бұрыш газын шашып, артынша оның мойны мен іш тұсына бірнеше рет пышақ салған. Қаскөй қылмысты істеп болған соң, оқиға орнынан еш асықпай кетіп қалған.

24 сәуірде пышақ жарақатын алған 18 жастағы Макинск тұрғыны шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді.

Ақмола облыстық Полиция департаменті бұл деректі растап, күдіктінің қолға түскенін хабарлады. 

«Аталған қылмысты жасағаны үшін жәбірленушінің бұрынғы сыныптасы ұсталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді мекеменің баспасөз қызметі.