Жыл басынан бері өңірлік комиссияның 11 отырысы өтті
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесін асыру бойынша ондаған заңбұзушылық тіркелді. Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2026 жылдың басынан бері өңірлік комиссияның 11 отырысы өтіп, нәтижесінде 47 баға өсіру дерегі әшкере болды. Мекеменің мәліметінше, барлық құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылған.
Өңірлік комиссия Орал қаласындағы «Алтын Алма» көтерме-бөлшек сауда базарына арнайы барып, ет және көкөніс павильондарындағы бағаны тексерді. Нәтижесінде тауар жеткізу тізбегіндегі артық делдалдар анықталды. «AQJAIYQ» ӘКК тұрақтандыру қорының өнімдері тікелей базар сөрелеріне жеткізіле бастады.
Тұрақтандыру қорының өнімі нарыққа шыққан соң баға айтарлықтай төмендеген. Бұрын картоптың келісі сортына қарай 230-250 теңгеден сатылған. Қазір тұрақтандыру қорының өнімі 165 теңгеден саудалануда (сатып алу бағасы — 145 теңге).
Қазіргі таңда базарға күніне 5 тоннаға дейін өнім жеткізіліп жатыр. Көкөністерді осы бағамен сату мамыр айының бірінші онкүндігіне дейін жалғаспақ. Министрлік мұндай тексерістің тұрақты түрде өтетінін және бұл формат бағаны жедел реттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.