Ақтөбеде бейтаныс әйел кішкентай қызды ұрлап әкетпек болған

Автор: Дәулет Ботагөз

Бала дер кезінде қашып үлгерген

Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе қаласының Есет батыр ауданында кішкентай қызды бейтаныс әйел алдап, алып кетуге тырысқан. Бала дер кезінде қашып үлгеріп, дүкенді паналаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон» басылымына сілтеме жасап. 

Мәлімет бойынша, оқиға Нұр Сити шағын ауданының 2-мөлтек ауданындағы аулалардың бірінде болған. 

Куәгерлердің айтуынша, ересек әйел аулада ойнап жүрген қыз баланы жанына шақырып алған. Оған «егер менімен бірге жүрсең, сақина сыйлаймын» деп уәде беріп, азғырған. Қыз бала бас тартқанына қарамастан, әйел оны көндіруге тырысып, соңынан қалмаған. Сәті түскенде бала жат адамнан қашып шығып, жақын маңдағы дүкен ішіне жасырынған. Осылайша ол өзін қауіптен аман алып қалды.

Тұрғындардың наразылығын тудырған тағы бір жайт — аулада бейнебақылау камералары орнатылғанымен, олар істен шыққан. Бұл жағдай қылмыстың алдын алуға немесе оқиғаны жедел анықтауға кедергі келтірген.

Ақтөбе облыстық Полиция басқармасы күдікті әйелдің тұлғасы анықталып, оның ұсталғанын растады.

«Қазіргі уақытта ұсталған күдіктімен тиісті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріліп, заң аясында шешім қабылданады», — деп хабарлады полиция өкілдері.