Алматыда ауруханаларға арналған дәрі-дәрмектің резерв қоры құрылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қор СOVID-19 жұқтырғандарды емдейтін ауруханаларға арналған

Фото: almaty.gov.kz

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша КВИ жұқтырған науқастар емделетін стационарларды дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ететін резервтік қор құрылды. Оның жұмысына 5 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

13 шілдеден бастап резервтік қордан инфекциялық және провизорлық ауруханаларға 70 мыңнан астам қажетті дәрі-дәрмек қаптамасы жеткізілді.

«Бүгінде ауруханада КВИ жұқтырған науқастарды, сонымен қатар қосалқы ауруларды емдеуге қажет дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар. Бүгінгі таңда ауруханада дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ», - деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының сарапшы-дәрігері Тамара Утағанова.

Қордағы дәрі-дәрмектер Фтизиопульмонология орталығына да жеткізілді. Індет басталған уақыттан бері бұл аурухана карантиндік және провизорлық бөлім ретінде жұмыс істеп келеді. Алайда қазір мұнда тек коронавирус жұқтырған науқастар емделеді. Медициналық персоналды дәрі-дәрмек және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету 2 айға қарастырылған.