Өтініш egov.kz арқылы қабылданады
Ғылым және жоғары білім министрі 2026 жылғы 20 сәуірдегі бұйрықпен «Елді мекендерде маңдайша орналастыруды келісу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға жергілікті атқарушы органдар арқылы тегін көрсетіледі. Өтінімдер қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы – egov.kz арқылы қабылданады.
Қызметті алу үшін өтінішпен бірге маңдайшаның эскизін ұсыну қажет. Құжаттар түскен күні қабылданып, қарау мерзімі төрт жұмыс күнін құрайды. Осы уақыт ішінде ұсынылған мәліметтердің «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп, маңдайша эскизі келісуден өтеді.
Сондай-ақ қызметті электронды форматта алу үшін өтініш берушіде электрондық цифрлық қолтаңба болуы тиіс.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.