«45 мыңнан астам доза»: Астана мен Абай облысында екі адам ірі көлемді есірткімен ұсталды

Автор: Асыл Арман

Олар интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда сәуір айының екінші онкүндігінде жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде есірткінің ірі партиялары табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, Абай облысында жедел ақпаратты тексеру барысында қызметкерлер 21 жастағы жүргізушіні ұстады. Оның көлігін тексеру кезінде таратуға дайын 2 келіден астам гашиш майы анықталып, тәркіленді. Ұсталған азамат интернет дүкенінің кураторының нұсқауы бойынша есірткіні таратқанын мойындады.

Елорда өңірінде интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген 26 жастағы әйел ұсталды. Ол аса ірі көлемдегі есірткіні жасырын таратумен айналысқан. Жеке тінту және жалға алынған үйін тексеру барысында салмағы 1 келіден асатын екі пакет синтетикалық «A-PVР» есірткісі, электронды таразылар, орауға және таратуға арналған 100-ден астам Ziplock-пакет тәркіленді.

Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан 45 мыңнан астам бір реттік дозаға тең есірткі тәркіленді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Есірткі жеткізу арналары, олардың таралу маршруттары, сондай-ақ заңсыз қызметке байланысты қаржы ағындарының көзі анықталып жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.