Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жамбылда шетел азаматтарын заңсыз өткізу арнасы анықталды

Фото: Жамбыл облысы ПД

Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық топ мүшелері қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жамбыл облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК Шекара қызметінің жедел бөлімшелерімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен Жамбыл облысы аумағында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен Алматы облысы мен Меркі ауданының тұрғындарын ұстады.

Тінту барысында олардан шетел азаматтарының фотосуреттері, төлқұжаттары, ұялы телефондар, банк карталары, сондай-ақ 1 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Сондай-ақ ұсталғандардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге жәрдем көрсеткен көрші елдің азаматтары анықталды.

«Қылмыстық топ мүшелері алдын ала сөз байласу арқылы және өздерінің заңсыз әрекеттерін ауыл шаруашылығы жануарларын жаюмен бүркемелеп, шетел азаматтарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізуді ұйымдастырған», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабының 2-бөлігімен (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.