Абай облысында мектеп бухгалтері өзіне екі еселенген жалақы есептеп, жұбайына да ақша төлеп келген

Автор: Асыл Арман

18 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған

Фото: Azattyq Rýhy

Абай облысында білім беру мекемесінде бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мақаншы ауданының прокуратурасы Қарабұтақ орта мектебінде бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.

Мекеменің бас есепшісі ай сайын өзіне екі еселенген жалақы есептеп отырған, сондай-ақ іс жүзінде еңбек қызметін атқармаған жұбайына заңсыз түрде жалақы аударған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде 18 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылған.

«Аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта келтірілген залал ішінара өтелді», – делінген прокуратура хабарламасында.