Ақтөбе облысында 13 жастағы жеткіншектің мәйіті табылды

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға Кеңқияқ ауылында болды

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысының Кеңқияқ ауылында 13 жастағы жеткіншектің мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға туралы әлеуметтік желіде жарияланды. Желідегі мәліметке сүйенсек, бозбаланың денесі қорадан табылған. Темір аудандық білім бөлімі агенттік тілшісіне оқиғаны растап, ресми пікір білдірді.

«Темір аудандық білім бөлімі Кеңқияқ ауылында болған қайғылы жағдайға байланысты марқұм оқушының отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті органдар тарапынан жан-жақты тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Білім беру ұйымы тарапынан ішкі қызметтік тексеріс басталды», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Білім бөлімінің мәліметінше, 6-сынып оқушысы толық отбасында өмір сүреді.

«Қазіргі уақытта бала құқықтарын қорғау басқармасы, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына қосымша назар аударып, қажет болған жағдайда қолдау шараларын күшейтіп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі», – дейді білім бөлімі.