Үндістанда емделіп жүрген 16 жастағы қазақстандық көз жұмды

Автор: Асыл Арман

16 жастағы жасөспірімнен онкологиялық ауру анықталған

Фото: threads.com/@perizatbolatkyzy5

Үндістанда ем қабылдап жүрген Қазақстан азаматы қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 16 жастағы жасөспірімнен онкологиялық ауру анықталған. Туыстарының айтуынша, ол бұған дейін энергетикалық сусындарды жиі тұтынған және вейп қолданған.

Жақындары оны шұғыл емдеу үшін Үндістанға апарғанымен, жасөспірімнің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Бұл туралы оның әпкесі Перизат Болатқызы Threads желісінде жазды.

Ол жазбасында елден көмек сұрап, денені Қазақстанға жеткізуге жәрдем беруді өтінген.

«Құрметті Қазақстан халқы. Інімнің денесін елге шұғыл жеткізуге көмектесулеріңізді сұраймын. Елшілік тарапынан көмек қажет. Ол қатерлі ісіктен емделу үшін Үндістанға барған еді. Бүгін жүрегіндегі тромб үзіліп, қайтыс болды», – деді ол.

Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде Үндістанда қайтыс болған Қазақстан азаматы С.Сәбиттің денесі елге жеткізілгенін хабарлады.

«Тиісті консулдық рәсімдер аяқталды, марқұмның денесі жерлеу рәсімін өткізу үшін туыстарына табысталды», – деп мәлімдеді ҚР СІМ.

Сыртқы істер министрлігі марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтты.