Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда «Фавипавир» қалай қолданылатынын түсіндірді
Көптің талқысына түскен фавипиравир 20 маусымдағы клиникалық хаттамаға кіргізілген
Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті COVID-19 індетіне қарсы 11-хаттамасына «Фавипавир» препараты неліктен енгізілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі COVID-19 таралуы бойынша ведомствоаралық комиссияға сілтеме жасап.
«Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетіне қарсы ем-дом шарасының 11-хаттамасын жариялағаны жайлы әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар вирусқа қарсы тиісті препаратты табу - COVID-19 пандемиясына қарсы күресте барлық мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесінің басымдыққа ие міндеті екенін хабарлаймыз. COVID-19 індетіне қарсы пайдаланылып жатқан вирусқа қарсы препараттың бәрі де тәжірибелік болып саналады. Әрі ол клиникалық зерттеу аясында қолданылады», - деп хабарлайды комитеттен.
Бұрын бұл көрсеткіш бойынша лопинавир/ритонавир және гидроксихлорохин секілді препараттар қолданылып келген. Алайда клиникалық зерттеу нәтижесі олардың тиімділігін растамаған. Ол туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеме жасаған.
«Осы ғылыми мәліметтер негізінде лопинавир/ритонавир және гидроксихлорохин Сапа бойынша біріккен комиссияның 2020 жылдың 15 шілдесіндегі шешімімен Қазақстанның да клиникалық хаттамасынан алынып тасталды. Қазіргі уақытта клиникалық хаттаманың 11-редакциясы әлі шыққан жоқ. Соңғысы – 10-редакция (10.2). Оған фавипиравир мен ремдесивир секілді вирусқа қарсы препараттар енгізілді. Көптің талқысына түскен фавипиравир 2020 жылдың 20 маусымындағы клиникалық хаттамаға кіргізілген. Ол тек стационарлық деңгейде қолданылады», - делінген хабарламада.