«Сот шешімі жоқ»: Қазақстанның құзырлы органдары блогер Қайсар Қамзаны елге әлі әкелген жоқ

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазір оның ісін Вьетнам соты қарап жатыр 

Фото: instagram.com/@qais_arr

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамзаның ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, оның ісіне қатысты Вьетнамдағы процесс әлі аяқталмаған. 

«Вьетнамдағы процесс әлі біткен жоқ, блогердің ісі қаралып жатыр. Ең алдымен сот шешімі шығуы керек. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Ол аяқталғаннан кейін шешім қабылданады», – деді министрдің орынбасары. 

Әлібек Бақаев Қайсар Қамзаның Интерпол желісі арқылы ұсталғанын да растады.

«Оның ісі Интерпол арқылы өтті. Бұл екі мемлекеттің іздеу және тергеу жұмыстарының нәтижесі. Қазір ұсталды, өз процедурасы бар. Сол тәртіппен елге қайтару мәселесі қаралады», – деді ол.

Журналистердің «қанша жылға сотталуы мүмкін?» деген сұрағына Бақаев нақты жауап бере алмайтынын айтты.

«Бұл мәселеге сыртқы істер министрлігі жауап бермейді. Мұны тергеу және сот жүргізетін құзыретті органдар шешеді», – деді Әлібек Бақаев.

Еске салайық, осы жылдың басында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті танымал блогер Қайсар Қамзаға іздеу жариялаған болатын. 1995 жылы туған Қамзаға қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда елордада тіркелген. Оны Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуге салса, жедел іс-шараларды тікелей Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген.

Блогер өзін ҚМА іздеп жатқаны туралы ақпаратқа да үн қатқан. Іздеуге жарияланғаннан кейінгі келесі күні-ақ Қайсар Қамза Instagram Stories-те жайылған дастарқан басында түскен суретін жариялап, оған қысқа ғана «Бәрі жақсы» деген жазба қалдырған.

Оның Instagram парақшасында 2,3 миллионнан астам жазылушы бар. Әлеуметтік желілерде Қамза өзін travel-блогер ретінде таныстырады.