Құжаттар келісу процесінде тұр
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан азаматтары үшін Еуропаға виза алу тәртібін жеңілдету мәселесі бойынша екі негізгі құжат қатар қаралып жатыр. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев туралы Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның мәліметіне сәйкес, процесс екі бөлікке бөлінеді: біріншісі Қазақстан азаматтары үшін виза талаптарын жеңілдету, екіншісі реадмиссия туралы келісім.
«Мұнда процесс екі бөліктен тұрады. Біріншісі Қазақстан азаматтарына виза рәсімдеуді жеңілдету, екіншісі реадмиссия туралы келісім. Бұл екі құжат бір пакет ретінде қарастырылып жатыр», – деді Бақаев.
Айта кетейік, тараптар бұл құжаттарды бір уақытта келісіп, кейін ратификациялауға шығаруды жоспарлап отыр.
«Еуропа тарабы бұл екі келісімді қатар дайындап отыр. Біз де осыған сәйкес бір уақытта ратификацияға шығуымыз керек», – деді ол.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары келіссөздер биылғы жылдың екінші жартысында аяқталуы мүмкін екенін айтты.
«Біз осы жылдың екінші жартысында бүкіл келіссөз процесін аяқтауды көздеп отырмыз. Одан кейін ратификация кезеңі басталады», – деді Әлібек Бақаев.
Ратификация рәсімі Қазақстан Парламентінде бір кезеңде өтсе, Еуропалық Одақ тарапында әр мемлекет жеке тәртіппен бекітеді.
«Бізде бұл бір ратификация кезеңі болса, Еуроодақта әр мемлекет өз ішкі рәсімдері арқылы бекітеді», – деді ол.
Мамандардың айтуынша, келісім жүзеге асса, қазақстандықтар үшін виза рәсімдеу жеңілдеуі мүмкін. Атап айтқанда, құжат талаптары нақты регламенттеліп, көп мәртелік виза беру мәселелері де қарастырылып жатыр.
«Негізгі мақсат – құжат талаптарын жүйелеу және мүмкіндігінше жеңілдету. Көп мәртелік виза беру мәселесі де талқылануда», – деді СІМ басшысының орынбасары.
Жалпы алғанда, келіссөздер аяқталған соң Қазақстан азаматтары үшін Еуропаға бару тәртібі жеңілдеуі ықтимал екені айтылды.