Жетісу облысында тұрғындармен кездесулер барысында бірнеше маңызды мәселе қозғалған
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жол инфрақұрылымына қатысты бірқатар өзекті мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат өз сауалында автожолдардың жағдайы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
«Қазақстандағы автомобиль жолдарының жағдайы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды фактор. Соңғы жылдары бірқатар жұмыстар атқарылғанымен, жол инфрақұрылымын жақсарту әлі де өзекті күйінде қалып отыр», – деді депутат.
Оның айтуынша, Жетісу облысында тұрғындармен кездесулер барысында бірнеше маңызды мәселе көтерілген.
«Жетісу облысы – туристік аймақ. Солардың бірі – «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасына баратын жол. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, бірақ жобаны аяқтауға қаржыландыру жетіспейді. Қажетті қаражат көлемі – 7,4 млрд теңге», – деді ол.
Депутат бұл жобаны республикалық бюджеттен немесе бюджеттен тыс көздер арқылы қаржыландыруды сұрады. Екінші мәселе ретінде «Балпық би» және «Бақтыбай» ауылдарын айналып өтетін жолдың қажеттілігі айтылды.
«Аталған елді мекендерді айналып өтетін автомобиль жолы бұған дейін жобаланған. Оның ұзындығы – 18,5 шақырым, құны шамамен 30 млрд теңге. Бұл жоба көлік ағынын елді мекендерден тыс өткізуге, жол қауіпсіздігін арттыруға және транзиттік тасымалды жеңілдетуге мүмкіндік береді», – деді депутат.
Оның айтуынша, жоба іске аспағанымен, қазіргі таңда жағдай күрделеніп отыр.
«Республикалық жолмен өтетін көлік ағыны артып, ауыр жүк көліктері көбейді. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне және өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр», – деді ол.
Үшінші мәселе Айнабұлақ бекетіндегі теміржол өткеліне қатысты көтерілді.
«Айнабұлақ бекетінде теміржол ауылды екіге бөліп отыр. Әкімдік, мектеп және басқа нысандар бір жақта, ал тұрғындардың басым бөлігі екінші жақта орналасқан», – деді депутат.
Ол оқушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді.
«Оқушыларды тасымалдау үшін автобус 13 шақырымдық айналма жолмен жүруге мәжбүр. Бұл жолдың өзінде қауіпсіздік тәуекелі жоғары, себебі жылдамдық режимі сағатына 140 шақырымға дейін жетеді», – деді Болат Керімбек.