«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың шығыны 209 млрд теңгеге жеткен»: депутат қаржының мақсатты жұмсалғанына күмәнді

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутат әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда қаржылық заң бұзу бар дейді

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдап, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіне қатысты бірқатар жүйелі мәселелерді қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ӘКК-лер аймақтардың экономикалық өсімін жеделдететін негізгі қозғаушы күш болуы тиіс екенін атап өткенін еске салды. Алайда іс жүзінде көптеген корпорациялар өз миссиясынан ауытқып, коммуналдық мүлікті басқару мен төмен тиімді жобалармен шектеліп қалғанын айтты.

Оның сөзінше, кейбір ӘКК-лер тұрғын үй жөндеу, жол салу сияқты қосалқы бағыттарға бейімделіп, өңірлік экономиканы дамытудағы негізгі функциясынан алшақтап кеткен.

Депутат корпорациялардың қаражаты ең алдымен қайтарымы бар және экономикалық тиімділігі дәлелденген жобаларға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі міндет – өңірдегі пайдаланылмай жатқан ресурстарды айналымға енгізіп, табыс әкелетін жобаларды іске асыру болуы керек.

Үнзила Шапақ Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы есебіне сілтеме жасай отырып, 2020 жылдан бері тексерілген 13 ӘКК-нің 8-інде шығын 7 есеге өсіп, 209,5 млрд теңгеге жеткенін айтты. Сонымен қатар 138 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар және 48,1 млрд теңге тиімсіз жоспарлау фактілері анықталған.

Депутат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігінің тиімсіз екенін де сынға алды. Оның айтуынша, бұл жағдай ӘКК-лердің әлеуметтік тұрақтандыру құралы ретіндегі рөлін әлсіретіп отыр.

«Сонымен бірге кейбір талаптар бәсекелестікті шектеп отыр. Мысалы, конкурсқа қатысу үшін желілік сауда нысандарының болуы міндеттелуі ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер үшін кедергі болып, өнім өткізу арналарының толық іске қосылуына мүмкіндік бермей отыр. Сарапшылар негізгі проблемалар стратегиялық бағыттың жоқтығы, бірыңғай даму моделінің қалыптаспауы және құқықтық мәртебенің толық айқындалмауымен байланысты екенін жеткізді», – деді Шапақ.

Осыған байланысты ол үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді.

Атап айтқанда, ӘКК-лердің негізгі міндетінен тыс бағыттарға ауытқуын болдырмайтын бақылау тетігін енгізу, басқару жүйесі мен қаржылық қадағалауды күшейту, корпоративтік басқаруды жетілдіру және барлық қаржылық операцияларды цифрландыру арқылы ашықтықты қамтамасыз ету.

Сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына онлайн-бақылау енгізу және лауазымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейту ұсынылды.

Сонымен қатар депутат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға шағын кәсіпкерлердің қатысу талаптарын жеңілдетуді ұсынды.