Оқиға өткен жылдың наурыз айында болған
Алматыда ЛГБТ белсендісі Әмір Шайкенжанов өзінде АИТВ инфекциясы бола тұра қарамағындағы қызметкерін зорлады деп айыпталып, оған қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында жабық режимде Әмір Шайкежановқа қатысты ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігі, 118-бабы 1-бөлігі (жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау, басқа адамды әдейі АИТВ жұқтыру қаупіне қою) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың наурыз айында ол қасақана әрекет етіп, қызметкеріне психофизиологиялық жағдайына әсер ететін белгісіз затты қолдануды ұсыну арқылы дәрменсіз күйге түсірген. Осыдан кейін оның дәрменсіз күйін және ерікті келісімінің болмауын пайдаланып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен.
Әмір Шайкежанов өзінде адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) бар екенін біле тұра, жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түсіп, оны АИТВ жұқтыру қаупіне ұшыратқан. Сотталушының айыпталған әрекеттерді жасағаны іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушінің айғақтарымен және бейнежазбамен дәлелденді.
«Сотталушы Әмір Шайкежанов кінәсін мойындаған жоқ. Жәбірленуші бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал прокурор қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде Әмір Шайкежановтың жауапкершілігін жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Әмір Шайкежанов тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. ҚК-нің 118-бабы 1-бөлігі бойынша (қылмыстық теріс қылық), ескіру мерзімінің өтуіне байланысты Ш. жауаптылықтан босатылды», – делінген Алматы соттарының хабарламасында.
ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігі (ауыр қылмыс) бойынша Әмір Шайкежановқа 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.