Еуразиялық экономикалық одақта кедендік транзиттің бірыңғай жүйесі іске қосылады
ЕАЭО елдері бойынша тауар тасымалдауға жақсы жағдай жасалмақ
Мәжіліс 2024 жылғы 26 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді ратификациялады,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжат ЕАЭО мен үшінші тараптардың кедендік шекаралары арқылы тауар тасымалдауға қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз ететін кедендік транзиттің бірыңғай жүйесін қалыптастыруды көздейді. Жүйе мынадай негізгі элементтерді қамтиды:
- электронды форматтағы бірыңғай транзиттік декларацияны қолдану;
- кедендік алымдар мен салықтарды төлеуді қамтамасыз етудің бірыңғай тәртібін пайдалану;
- тауарлардың бүкіл жүру жолында тасымалды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану;
- кеден органдары шешімдері мен кедендік бақылау нәтижелерін өзара тану.
Жүйені енгізу кедендік рәсімдерді стандарттауға және жеңілдетуге, транзит кезіндегі бизнестің уақыт пен қаражат шығынын азайтуға, ақпарат алмасуды жеделдетуге, жеткізілімдердің қауіпсіздігі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, бірыңғай жүйені қалыптастыру халықаралық саудаға қатысушылар үшін рәсімдердің алдын ала болжамды болуын қамтамасыз етуге тиіс.