Меркі ауданының әкімдігі 100 млн теңге жымқырған: іс ҰҚК-ға өтті

Автор: Асыл Арман

Электр желілерін салу жұмысы іс жүзінде орындалмаған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жамбыл облысында Меркі ауданының прокуратурасы аудандық әкімдіктің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде мемлекетке 108 млн теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атап айтқанда, бөлім Мыңқазан ауылындағы тұрғын үй массиві үшін электр желілерін салу құрылысы бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға мердігер ұйымға қаражат аударған.

«Аталған факті бойынша 2026 жылғы 30 наурызда аудан прокуратурасы ҚР ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іс одан әрі тергеу жүргізу үшін ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментіне жолданды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.