Мектептерге ақша аудан деңгейінде берілмек: үкімет ұсынысты қолдады
Екінші оқылымда осы ұсыныстар енеді
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев білім беру саласының бюджетін облыстан аудандық деңгейге беру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауыл әкімдері ең алдымен қаржының облыста қалып қоюы салдарынан мектептердің мәселесін уақытылы шеше алмай отырғанын алға тартады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз бұл мәселені бірнеше рет депутаттық сауалдарда көтердік. Ауылдарға барған кезде әкімдер білім бюджеті ауданға түспегендіктен, мектептердің проблемасын дер кезінде шеше алмай отырғанын айтады. Үкімет бұл бастаманы қолдады деп жауап берілді. Алайда Мәжіліске енгізілген заң жобасында бұл норма көрініс таппаған. Осыған байланысты сұрақ: қорытынды дайын ба және оны заң жобасына енгізіп үлгересіздер ме? Сондай-ақ бұл шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асыру мүмкін бе?», - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Сұраққа жауап берген ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков ұсыныс кейін енгенін атап өтті.
«Бұл норма бастапқы Үкімет қорытындысында болған жоқ, себебі ол жұмыс тобы барысында депутаттардың қосымша ұсынысы ретінде түсті. Үкімет оны толық зерделеп, қолдау білдірді. Білім беру шығындарын облыстан ауданға беру қарастырылып отыр. Бірақ балалардың жазғы демалысы мен ыстық тамаққа қатысты шығындар облыс деңгейінде қалуы мүмкін. Қазір келісу рәсімдері аяқталған жоқ, алайда екінші оқылымға дейін қорытындыны енгіземіз», - деді вице-министр.
Оның сөзінше, бюджет заңнамасы мұндай өзгерістерді енгізуге мүмкіндік береді. Тиісті тетіктер арқылы қаржыны қайта бөлуге болады, сондықтан бұл бастаманы жаңа оқу жылына дейін жүзеге асыру теориялық тұрғыда мүмкін.
Мәжілістің бірінші оқылымында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасы талқыланып жатыр.