Ауыр науқастарға басымдық беріледі, өзгелерге шектеу күшеюі мүмкін
Қазақстанда инватакси қызметін көрсету тәртібі қайта қаралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы 21 сәуірде Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, инватакси қызметіне қатысты өзгерістер пакеті әзірленіп, құжат Көлік министрлігіне жолданған. Қазіргі таңда қызмет көрсетілетін ауру түрлерінің тізімі қайта қаралып, олардың ауырлық деңгейіне қарай нақтылау жүргізілген. Сонымен қатар қызмет көрсету уақытының көлемін өзгерту мәселесі де күн тәртібіне қойылған.
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, инватакси қызметі ең алдымен I топтағы мүгедектігі бар, яғни тұрақты түрде оңалту орталықтарына баруды қажет ететін азаматтарға бағытталуы тиіс. Ал II және III топтағы азаматтар қоғамдық көлікті пайдалана алатындықтан, бұл қызмет барлық санатты толық қамти алмайды.
Министр сондай-ақ инватакси қызметінің кей жағдайларда мақсатсыз пайдаланылып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты қолжетімділік талаптарын нақтылау және бақылауды күшейту көзделіп отыр.
Көлік министрлігі әзірлеп жатқан тиісті бұйрыққа өзгерістер ай соңында немесе келесі айдың басында қабылдануы мүмкін. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өзгерістер пакетін маусым айында бекіту жоспарланып отыр.