Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді
Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға жұмыс сапарымен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу Өңірлік экологиялық саммит пен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттері кеңесінің отырысы аясында өтті. Тараптар қазақ-тәжік қарым-қатынасының қазіргі ахуалы мен алдағы бағыттарын талқылап, стратегиялық серіктестікті тереңдетуге келісті.
Ақорда мәліметінше, әңгіме барысында сауда-экономика және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді. Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді толық әрі уақтылы іске асырудың маңызын атап өтті.
Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.