Екінші АЭС Балқаш маңында салынады, қазір үш перспективалы алаң зерттеліп отыр
ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы екінші атом электр станциясы қай жерде орналасатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, екінші АЭС Балқаш маңында салынады, қазір үш перспективалы алаң зерттеліп жатыр.
«Бізде екінші атом электр станциясының атауы бар – ол орналасқан жеріне байланысты «Мойынқұм» АЭС болады. Сондай-ақ станция екі блоктан тұрады, әрқайсысының қуаты 1200 МВт болады деп жоспарланып отыр. Қазір біз серіктестерімізбен әлеуетті вендорды анықтау бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін айтқанымыздай, екінші атом станциясын салу бойынша қытайлық CNC компаниясы басым серіктес ретінде қарастырылып отыр», – деді Сәтқалиев Ақорда кулуарында журналистерге.
Айта кетейік, Қазақстандағы алғашқы АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынады және ол «Балқаш» деп аталады.