Ол құзырлы министрліктерге тапсырма берді
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов инклюзивті саясатты іске асыру шараларын күшейту мақсатында бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әкімдіктер тарапынан жергілікті деңгейде ведомствоаралық үйлестіруге жеткілікті көңіл бөлінбейді. Осы уақытқа дейін нысандарды бейімдеу барысында қағазбастылық пен көзбояушылық азаймай келеді. Вокзалдар мен әуежайларда, вагондар мен ұшақтардың ішінде қолжетімді орта толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Пойыздарды инвакупесі бар вагондармен жабдықтау қарқыны да баяу. Менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға инклюзия және қолдау көрсету мәселесі өткір күйінде қалып отыр», - деді Бектенов.
Ол бірқатар министрлік қандай міндеттерді атқаруы керегін тізіп берді.
«Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін инклюзияны қолдаудың жаңа тәсілдері мен кешенді моделіне сәйкес мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді әзірлесін. Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекке дейін инклюзивті білім берудің, кадрлармен қамтамасыз етуді арттырудың және қолдау қызметтерін күшейтудің сапалы жаңа моделін енгізсін.Менталдық ауытқуы бар балаларды тәрбиелейтін отбасыларды кешенді қолдаудың бірыңғай ведомствоаралық жүйесін қалыптастыру қажет», - деді ол үкімет отырысында.
Бектенов атағандай, өнеркәсіп және көлік министрліктері осы жылдың 1-ші маусымына дейін елде кедергісіз ортаны қалыптастыруға арналған «әмбебап дизайнды» ведомстволық бұйрықпен бекітуге тиіс.
«Көлік саласындағы нысандардың қолжетімділігі мәселесін кешенді түрде шешу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құру керек.Денсаулық сақтау министрлігі өңір әкімдіктерімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, «Қамқорлық» бастамасы аясында аудандық деңгейде оңалту орталықтарын ашу мәселесін шешуі қажет. Спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, барлық өңірде инклюзивті спорт орталықтарын ашуды жеделдетуге тиіс.Еңбек, Өнеркәсіп министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы спорт нысандарын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімдеу мәселелерін шешуі керек.Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта өзара үйлесімді жұмысты қамтамасыз етсін», - дейді Олжас Бектенов.