Қазақстанда оңалту жабдықтары мен тренажерлер жалға берілмек
Министрлік техникалық оңалту құралдарын қайтарым негізінде беру бойынша пилоттық жобаны іске қосады
Қазақстанда техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің жаңа жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Енді жабдықтар бұрынғыдай қайтарымсыз берілмей, жалға беру және қайта пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Пилоттық жоба осы жылдың екінші жартысында басталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы жүйе құралдардың нақты жағдайын, тозуын және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді. Осыған байланысты жаңа механизм енгізілуде – құралдарды жалға беру және кейін қайтару шартымен қамтамасыз ету.
«Биылғы маусым айынан бастап апробация Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында басталады», – деді Ертаев.
Қайтарылған техникалық құралдар сараптамалық бағалаудан өтеді. Нәтижесінде оларды жөндеу, ауыстыру, қайта пайдалану, жалға беру немесе есептен шығару туралы шешім қабылданады.
«Мысалы, мүгедектігі бар адам құралды ауыстыру мерзімі аяқталған соң жүгінсе, егер ол пайдалануға жарамды деп танылса, құрылғы техникалық қызмет көрсетуден (оның ішінде дезинфекциядан) өтіп, қайта айналымға беріледі. Ал ақаулар анықталған жағдайда жөндеуге жіберіліп, кейін қайта пайдаланылады. Егер құрал жарамсыз деп танылса, ол есептен шығарылып, өтініш берушіге жаңа құрал беріледі», - дейді Ертаев.
Министрдің сөзінше, бұл модель қамтамасыз ету мерзімін қысқартып, өңірлерде оңалту құралдарының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба осы жылдың екінші жартысында іске қосылады.