Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысына 1,1 трлн теңге қаражат бөлінген

Автор: Аягөз Құрмаш

Оңалту орталықтарын салуға және ғылымға 17 млрд теңг бағытталған

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту басты басымдық болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7% құрайды. Оның ішінде шамамен 56% еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 29% зейнеткерлер, 15% балалар. Биыл мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жиынтық шығыс 1,1 трлн теңгеге тең», - деді ол.

Оның ішінде төлеуге:

  • мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға – 571,1 млрд теңге;
  • мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға күтім бойынша жәрдемақыларға – 124,1 млрд теңге;
  • бірінші топтағы 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға күтім бойынша жәрдемақыларға – 56,7 млрд теңге;
  • мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларға – 4,7 млрд теңге;
  • оңалту орталықтарын салуға және ғылымға – 17 млрд теңге;
  • арнаулы әлеуметтік қызметтерге – 190 млрд теңге;
  • техникалық құралдар мен оңалту қызметтеріне – 80,7 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ өткен жылы еңбекке қабілетті 413,7 мың мүгедектігі бар адамның 110,8 мыңы (30%) жұмыспен қамтылған.

«Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылған. Жұмыс орындарын квоталау шеңберінде 8 мыңнан аса адам жұмысқа орналасқан.Жұмыспен қамтылғанның басым бөлігі Ұлытау, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында байқалады.Жұмыспен қамтылғандар үлесінің төмен көрсеткішін Түркістан, Жамбыл және Абай облыстарында көруге болады», - дейді министр.