Сауд Арабиясы умраға уақытша шектеу қойды: Меккеге кіру тәртібі қатайды
Қажылық маусымына байланысты арнайы рұқсаттар тоқтатылып, визалық талаптар күшейтілді
Сауд Арабиясы кіші қажылыққа қатысты шектеу енгізіп, Меккеге кіру талаптарын уақытша қатаңдатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпарынша, Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мекке әл-Мукаррама мекемесі қажылық маусымына дайындық аясында жаңа тәртіптерді бекіткен. Қабылданған шаралар қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құлшылықты реттелген жағдайда өткізуге бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, 18 сәуір мен 31 мамыр аралығында “Nusuk” платформасы арқылы умра рұқсаттарын беру тоқтатылды. Сонымен қатар 18 сәуірден бастап Мекке қаласына қажылық визасынан өзге барлық визалармен кіруге және онда болуға тыйым салынды.
Ресми мәліметтерге сай, аталған талаптарды бұзған азаматтар Сауд Арабиясының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Құзырлы органдар бұл шектеулердің уақытша екенін атап өтіп, ел азаматтарын, соның ішінде шетелдіктерді белгіленген тәртіпті қатаң сақтауға шақырды. Мақсат – қажылық маусымын қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өткізу.