«Бір адамға 15 шаршы метрден болуы тиіс»: Үкіметте адамдарды жаппай тіркеу мәселесі талқыланды

Автор: Асыл Арман

Ішкі істер министрлігіне мұндай тәсілдерді өңірлерде де енгізу ұсынылды

Фото: istockphoto.com

Үкіметте пәтерлерде нақты тұрмаса да адамдарды жаппай тіркеу мәселесі талқыланды. Астана қаласында тіркеу нормасы бойынша шектеу енгізілген – отбасы мүшелерін қоспағанда, бір адамға кемінде 15 шаршы метрден келуі тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігіне мұндай тәсілдерді өңірлерде де енгізу ұсынылды. Уәкілетті органдарға үшінші тұлғаларды жалған тіркеуден бас тарту құқығын беру ұсынылады. Жыл сайын 8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік иесі азаматтарды жалған тіркегені үшін ұсталады.

Мекенжайларды тіркеу кодтарының (МТК) дұрыс берілмеу мәселесі атап өтілді, яғни іс жүзінде тұтас тұрғын кварталдарына бір ғана код берілуі салдарынан халықты есепке алу деректері бұрмаланып, бұзушылықтарды анықтау қиынға соғуда.

Сондай-ақ барак үлгісіндегі жалға берілетін тұрғын үйлердің бақылаусыз жұмыс істеуі мәселесі көтерілді. Мұндай нысандар ресми түрде тіркелгенімен, іс жүзінде жатақхана ретінде пайдаланылып, бұл құқықтық тәртіп тұрғысынан да, инфрақұрылымға да жүктеме түсіруде.

«Ішкі істер министрлігіне Әділет және Жасанды интеллект министрліктерімен бірлесіп, «көлеңкелі» қызмет көрсететін тұрғын үй иелерінің құқықтарын шектеу үшін цифрлық тосқауылдар белгілеу бойынша ұсыныстар қарастыру тапсырылды. Өңірлер әкімдері жалға беру үшін тұрғын үйдің барак үлгісіндегі объектілерді ретке келтіру және жылжымайтын мүлік объектілерінің тіркеу кодтарына ревизия жүргізу тапсырылды», – делінген Үкіметтің хабарламасында.