Ол тиімді ұсыныстар жасап, алдын ала төлем алған
Өскеменде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ШҚО ПД мәліметінше, 48 жастағы ер адам 2022 жылдан бері бірқатар алаяқтық әрекеті үшін халықаралық іздеуде болған. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті автокөлік сату схемалары арқылы әрекет еткен: тиімді ұсыныстар жасап, алдын ала төлем алған, алайда көліктерді жеткізу бойынша міндетін орындамаған.
«Ақшаның бір бөлігін қайтарып, заңды мәміле жасалғандай көрініс қалыптастырған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын 30 миллион теңгеден асады. Мәмілелерді рәсімдеу кезінде күдікті үшінші тұлғаларды тартқан, олардың атына қарыз шарттары жасалған. Ақша беру фактілері көбіне нотариустардың қатысуымен өткен», – деп хабарлады ШҚО ПД.
Белгілі болғандай, ер адам бұған дейін де алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Істің барлық мән-жайы мен қосымша эпизодтар анықталып жатыр.