Астана, Қарағанды, Көкшетау қалаларында есірткі таратқан ер адам 15,6 жылға сотталды
Кассациялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды
Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларында есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан топ мүшесіне қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2022 жылғы қазан айынан 2023 жылғы сәуір айына дейін Т. Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларында Telegram арқылы ұйымдастырылған интернет-дүкендер желісі арқылы гашиш таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болған. Ол ірі көлемдегі есірткі заттарын алып, оларды ұсақ дозаларға бөліп, жасырын орындарға орналастырып, сатып алушыларға олардың орналасқан жері туралы мәліметтерді беріп отырған. Бұдан бөлек, Т. басқа адамдармен бірлесіп, жәбірленушіге қатысты күш қолданып, оның ұялы телефонын ашық түрде иеленген», – делінген Кассациялық сот хабарламасында.
Бірінші сатыдағы сот Т.-ны ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз өткізгені және тонау жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Апелляциялық сатыдағы сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Кассациялық шағымда қорғау тарапы Т.-ның қылмыстық топқа саналы түрде қатысқаны дәлелденбегенін көрсетіп, оны осы эпизод бойынша ақтауды, сондай-ақ оның әрекеттерін неғұрлым жеңілірек бапқа қайта саралап, жазаны төмендетуді сұрады.
«Алайда кассациялық сот сот актілерін өзгеріссіз қалдырды. Сот Т.-ның иелігінен 9 дана есірткі заты салынған түйіншек табылғанын, сондай-ақ ұялы телефондардағы мессенджерлер арқылы жүргізілген хат алмасулар оның ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болғанын дәлелдейтінін атап көрсетті. Сонымен қатар, ол шетел азаматына қатысты тонау жасап, материалдық зиян келтірген. Жасалған қылмыстың ауырлығы мен кінәлі адамның жеке басын сипаттайтын мән-жайлар ескеріле отырып, тағайындалған жаза әділ деп танылды», – деп жазады Кассациялық сот.