Былтыр 60 мыңнан аса адам медициналық көмекке жүгінген
Елімізде 2025 жылы құтырма ауруынан 3 адам қайтыс болған, ал мыңдаған адам жануар тістеуінен медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтыру ауруының халық арасында таралуы бүкіл әлемде өзекті мәселе болып қала береді, себебі бұл дерт орталық жүйке жүйесін ауыр зақымдап, өлімге әкеледі. Құтыру 150-ден астам елде кездеседі, жыл сайын әлемде 55 мыңнан астам адам осы аурудан көз жұмады.
«2025 жылы республика бойынша құтырудың 3 жағдайы өліммен аяқталған (2024 ж. – 0). Жануарлардың тістеуі, тырнауы және сілекейлеуі салдарынан медициналық көмекке 60 153 адам жүгінген, ал осы жылдың І тоқсанында – 14 134 адам. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Халық арасында құтырудың профилактикасы мақсатында медицина қызметкерлері мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан тұрақты түрде санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құтырумен күрестің негізгі шарасы – дереу құтыруға қарсы вакцинациялау курсынан өту және тістелген, тырналған немесе сілекей тиген жерді 20% сабынды ерітіндімен молынан жуу», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Министрлік құтырудың алдын алу үшін мынандай ақыл-кеңесін жариялады:
«Құтыруды емдейтін дәрі жоқ. Ауру жануар тістеген адам үшін құтыруға қарсы вакцина – өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Сондықтан вакцинациялауды дереу жүргізу қажет. Арнайы емнің (құтыруға қарсы вакцина және иммуноглобулин алу) тиімділігі тістегеннен кейін медициналық көмекке жүгіну уақытына тікелей байланысты екенін есте ұстау қажет. Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда! Сақ болыңыз және деніңіз сау болсын!» – делінген министрлік хабарламасында.