Түркияда блогер әйел тікелей эфир кезінде адамға пышақ ала жүгірген

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бұған дейін де желідегі құйтырқы әрекеттерімен танымал болған

Фото: Haberler

Түркияда TikTok желісінде «Karagül» лақап атымен танымал қолданушы тікелей эфир барысында адамға пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға онлайн көрсетілгендіктен, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, әйел шабуыл кезінде эфирді тоқтатпай, болған жайтты телефон арқылы түсіруді жалғастырған. Сонымен қатар, көрерменнің әрекеті де наразылық туғызды – олардың кейбірі эфир барысында виртуалды сыйлықтар жіберуді жалғастырған.

Оқиға орнына куәгерлердің шақыруымен полиция қызметкерлері келген. Әйел ұсталды. Алайда ол полиция көлігімен бөлімшеге бара жатса да, тікелей эфирін тоқтатпаған. Құқық қорғау органдары болған жағдайдың мән-жайын анықтауға кірісті. Зардап шеккен адамның жағдайы туралы ақпарат нақтыланып жатыр.

Айта кетейік, «Karagül» бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Оған қатысты балаларға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікпен тексеру жүргізілген. Тексеруге сай,  үш бала мемлекет қамқорлығына алынған, ал оның әлеуметтік желідегі аккаунттары ішінара жабылған болатын.