Яна Легкодимованы аяусыз өлтіріп, өмір бойына сотталған: қылмыскерлер түрмеге бірнеше айдан кейін жіберілді

Қылмыскерлерге үкім былтыр 17 қараша күні жарияланды

Яна Легкодимованы аяусыз өлтіріп, өмір бойына сотталған: қылмыскерлер түрмеге бірнеше айдан кейін жіберілді
Фото: azh.kz

Яна Легкодимованы өлтіргені үшін сотталған Алтынбек Қатимов пен Ризуан Хайржанов Атыраудағы тергеу изоляторынан өмір бойына сотталғандарға арналған мекемеге этапталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның мәліметінше, этаптау 19 сәуір күні таңертең орындалды. Сотталғандар өзге де қылмыскерлермен бірге арнайы вагонмен жеткізілген. Белгіленген тәртіпке сәйкес, оларға этаптау туралы бір сағат бұрын ғана хабарланған.

Осыған дейін этаптау мерзімі нақты жарияланбаған. Үкім заңды күшіне енгеніне қарамастан, айыпталушылар бірнеше ай бойы тергеу изоляторында болған.

Қаза тапқан қыз баланың анасы уәкілетті органдарға жүгініп, сотталғандардың жазасын өтеу орнына қашан жіберілетінін түсіндіруді сұраған.

Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаменті этаптау арнайы күзет бөлінгеннен кейін және барлық рәсім сақтала отырып жүргізілетінін хабарлаған болатын. Қазіргі таңда сотталғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған колонияға жеткізілгені белгілі болды.

Еске салайық, 17 қарашада Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша үкім шығарған. Сотталушылар Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қатаң қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.

Сот үкімін жариялаған судья Зарема Хамидуллина Атырау облысының ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция капитаны Темірхан Хажмұратовтың жұмысын атап өтті. Сот оның еңбегін ынталандыру туралы жеке қаулы шығарды.